«AMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық, салалық кеңестердің басты мақсаты – ел ішінде қордаланған мәселелерді дер кезінде анықтап, соған қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу. Бұл механизм мемлекеттік органдардың жұмысына серпін беріп, шешім қабылдау сапасын арттыруға ықпал етіп келеді. Партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы кеңестер өңірлік проблемалар талқыланатын, олар бойынша нақты шешімдер қабылданатын алаңға айналғанын облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партияның Орталық аппаратында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің төрағалығымен өткен есеп беру жиынында айтты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері партияның Түркістан облыстық филиалы жанынан қызмет атқаратын 10 кеңестің 96 отырысы өткен, 216 мәселе қаралған. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға 641 ұсыныс жолданса, оның 428-і немесе берілген барлық ұсыныстардың 66,8 пайызы орындалған. Отырыстар, көшпелі форматта аудан, қалаларда өткізіліп, Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, аумақтарда су тасқындарын болдырмау, қоғамның алаңдаушылығын туғызған Лейшманиоз, Аутизм дерттерінің алдын алу, ана мен баланы қолдау, жолдардың қауіпсіз болуын қамту, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының мәселесін шешу сынды өзекті мәселелер қарастырылды. Кеше ғана кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы жұмыс жиыны өтіп, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді.
Осы кезең ішінде облыстық Саяси кеңес бюросында Түркістан облыстық спорт және дене шынықтыру, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау, ауылшаруашылығы басқармаларының, 2 облыстық мәслихат депутатының, 8 аудандық мәслихат төрағаларының, 5 аудандық фракция жетекшілерінің, 3 аудандық мәслихат депутатының есептері тыңдалып, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асырудағы белсенді қызметі, депутаттық этиканы сақтау мәселелері талқыланып, нақты ұсынымдар берілген.
Облыстық партия филиалының Әйелдер қанатының да белсенді қызметі қамтылып, оның құрамы отбасы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелерді дер кезінде көтеріп, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Қоғамдық процесстерге араласатын белсенді әйелдер буынын қалыптастыруда жергілікті телеарнада «Әйел аманаты» бағдарламасы ашылып, негізгі он бағыт бойынша тақырыптық сұхбаттар, сюжеттер шығару қолға алынды. Өңірімізде әйел көшбасшыларының мектебін ашу жұмыстары басталды.
Партиялық құрылымдардың қоғамға ашық болуы, қызметін жария түрде жүргізуі партиялық мәдениеттің жаңа деңгейін көтереді деп білеміз. Бұл бағытта мейлінше тиімді, барынша жауапкершілікті қызмет атқаруға кірісіп отырмыз.

