Түркістан облысы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Осыған орай Сауран ауданы аумағында тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлерді аралап, азаматтармен кездесіп, заң талаптарын түсіндірумен қатар, олардың өтініш-тілектерін сол жерде қабылдауда. Осы уақытқа дейін 11 557 тұрғын үй қамтылып, оның ішінде 143 пәтер тексерілді. Нәтижесінде 762 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу және құқық бұзушыларды дер кезінде анықтау бағытында жұмыс атқаруда.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы – полицияның барлық бөлімшелерінің күш-жігерін біріктірген кешенді жұмыс. Оның басты мақсаты – құқықтық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі тыныштықты нығайту.