«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қоғамдық қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Медеуов тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын тыңдап, өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге келген азаматтар негізінен баспана мәселесіне қатысты сауалдарын жолдады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалы хабарлады.
Қабылдау кезінде бірқатар тұрғындар үй кезегінің баяу жылжуы, көп балалы және әлеуметтік осал отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізудегі қиындықтар туралы айтты. Аудан әкімінің орынбасары бұл сұрақтардың барлығы назарда екенін, қазіргі таңда тұрғын үй секторындағы жағдайдың күрделілігін атап өтті.
«Баспана мәселесі еліміз бойынша да, біздің ауданымызда да ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары мұқият қаралып, тиісті бөлімдерге жолданады. Әрбір жағдай бойынша Отбасы банк өкілдерінен тиісті мәліметтер алынып әр өтініш білдірушіге хабар беруге ықпал етуге тырысамыз»— деді әкім орынбасары.
Қабылдау барысында тұрғын үй алу тетіктері, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу шарттары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізілді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары тұрғындармен осындай ашық форматтағы кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Баспана мәселесі қазіргі таңда күрделі күйінде қалып отырғанымен, жергілікті билік өкілдері оны шешу жолдарын қарастырып, тұрғындардың әр өтінішін назарға алатынын айтты.

