1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сауран ауданында кең ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Балаларға қуаныш сыйлауды мақсат еткен іс-шараны аудан әкімдігі үйлестіріп, оған тұрғындар, бүлдіршіндер мен қонақтар белсенділік танытты. Салтанатты концертке аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков және зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.
Шара аясында балалардың түрлі ән-билері шырқалды. Шығармашылық ұжымдар мен мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі және » AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы төрағасы тарапынан тәтті сыйлықтар тарту етіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құттықтау сөзінде:
– Балалар – біздің болашағымыздың жарқын бейнесі. Олардың амандығы мен бақытты балалық шағы – біз үшін басты құндылық, – деп атап өтті.
Балалардың шаттыққа толы жүздері мен ата-аналар мен қонақтардың жылы лебіздері мерекенің мәнін айқындады. Сауранда өткен бұл шара – жас ұрпаққа деген үлкен қамқорлық пен мейірімділіктің жарқын көрінісі болды.