Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – қоғамның басты жауапкершілігі. Осы бағытта Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Келес ауданына арнайы іссапармен келіп, кеңейтілген жиын өткізді. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, арнаулы орта оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта балалардың ата-анасының ертуінсіз тұрғын үйден тыс жүруіне жол бермеу, компьютерлік ойынханалар мен қоғамдық орындарда болу тәртібін сақтау, әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, өз-өзіне қол жұмсау және ерте жүктілік мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, бала тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналарды анықтау, олармен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді.
– Балалардың өмір қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр бала бейбіт елде бақытты өмір сүруге, қауіпсіз ортада өсіп-өркендеуге құқылы. Бүгінгі кездесуіміз – сол мақсатқа жетудің маңызды қадамы. Ата-аналар мен ұстаздардың бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет, – деді Дәулет Тлемисов.
Кеңес барысында ұстаздар мен сала мамандарының пікірлері тыңдалып, нақты ұсыныстар берілді. Мектеп директорлары мен психолог мамандарға, сондай-ақ ювеналды полиция инспекторларына кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмысты күшейту тапсырылды.
Белгіленген міндеттердің орындалу барысы бір айдан кейін қайта қаралып, нәтижелері зерделенетін болады.

