Бүгін Төлеби аудандық мәдениет үйінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов төрағалық етті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары, білім және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, полиция өкілдері, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен әлеуметтік педагогтар қатысты.
Кездесудің мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірлескен іс-қимылдарды күшейту.
Дәулет Бекбашұлы өз сөзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам тұрақтылығы мен болашағының кепілі екенін атап өтті.
«Әр ата-ана, мұғалім және мемлекеттік қызметкер бұл бағытта жауапкершілікті сезінуі тиіс», – деді ол.
Жиында білім бөлімі мен полиция өкілдері аудандық ахуал туралы баяндап, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, мектептердегі психологиялық қызметті жетілдіру және интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі атап өтілді.

