БАҒАНЫ СЕБЕПСІЗ ӨСІРГЕН САТУШЫҒА ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (бұдан әрі – ӘМАТ) қандай тауарлар жатады?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі 2023 жылғы 11 мамырдағы №166-НҚ бұйрығымен бекітілген. Оларға: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), картоп, асханалық сәбіз, басты пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), пастерленген сүт, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада, майлылығы 2,5%, айран, жұмсақ қаптамада, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), тауық жұмыртқасы (І санатты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа), сүзбе, майлылығы 5-9% жатады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері (пайызы) қанша болуға тиіс?

Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда берушінің сатып алу бағасының 15 (он бес) пайызынан аспауы тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері 15 пайыздан асқан жағдайда сатушыға (кәсіпкерлік субьектісіне) қандай шара қолданылады?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына сәйкес ішкі сауда субьектісінің сауда қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін асыруы – ескерту жасауға әкеп соғады, бір жыл ішінде қайталап асырып жібергені үшін – шағын кәсіпкерлік субьектілеріне 10 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 75 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды