БҰЛ ЖОБА – БІЛІМ БЕРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУДАҒЫ ҮЛКЕН СЕРПІЛІС

Білім – ел болашағының басты кепілі. Осы орайда «AMANAT» партиясының  Жол картасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, мектеп инфрақұрылымын жақсарту, оқушы орнының тапшылығын жою және сапалы білім беру үшін жағдай жасау – партияның стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының Ұйымдастыру және аймақтық жұмыс департаментінің инспекторы Жәнібек Дарханбаев, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түлкібас ауданының әкімі  Асқар Естібаев және  партияластар мен жауапты мамандар Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылдық округіне қарасты Қарағашты елді мекеніндегі «Дауан»  атындағы жалпы білім беретін мектепке қосымша  салынып жатқан 150 орындық жаңа оқу ғимаратының құрылысы барысымен танысты. Бұл құрылыс – елді мекендегі балалардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.

Мектеп директоры Гүлжан Елубаева мен мердігер мекеме өкілі жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Қазіргі таңда нысан басында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда іргетастың мығым болып қалыптасуы үшін топырақ алу, арматура тарту жұмыстары басталған. Қарқынды құрылысқа қажетті ауыр техника жұмылдырылған. Құрылыс басына нысан төлқұжаты талапқа сай орнатылған.

Құрылысы наурыз айында басталған қосымша ғимаратты салуға  «ArKuaGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып танылған. Техникалық қадағалаушы – «Тех Сапа Алматы» ЖШС, ал, авторлық қадағалауды «ШЫМГОРПРОЕКТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Дәл қазіргі  таңда құрылыс жұмыстарының 10 пайызға орындалып, жоспарға сәйкес, нысан уақытылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«AMANAT» партиясы білім беру нысандарының құрылысы мен сапасына ерекше мән беріп отыр. Сол себепті мұндай нысандардың салыну барысы партияның аймақтық филиалдары мен мәслихаттағы фракция депутаттарының тұрақты бақылауында болады. Бұл қоғамның сенімін ақтауға және мемлекеттік бағдарламалардың ашық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қолға алынған бұл жоба – Түлкібас ауданындағы білім беру инфрақұрылымын дамытудағы үлкен серпіліс болмақ. Аталған ғимараттың пайдалануға берілуі жергілікті оқушылардың жайлы әрі заманауи білім ордасында оқуына мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды