«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында арнайы жеміс бағын құру жөнінде қала әкімі Қайсар Маңқараев тапсырма берген болатын. Осы мақсатта «Жасыл Арыс» КММ-і 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде кеңінен сұранысқа ие «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалған. Бұл сорттар мол өнімділігімен, ерекше дәмімен және 5-6 метрге дейін жететін биіктігімен ерекшеленеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жасыларыстықтар жұмыстарды алдын ала тыңғылықты дайындықтан бастаған. Жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен стандартқа сай ұялар қазылды. Көшеттердің түптеріне қажетті тыңайтқыштардың толық құрамы енгізіліп, суғару үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы әзірленген.
– Қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Осыған орай топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарымызда бар. Сәтін салса, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады, – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.
Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жолдың бойындағы 50 гектар арнайы аймақта орналасқан. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары толықтай аяқталған. Болжам бойынша, 2027-2028 жылдары ағаштар алғашқы өнімнің нышанын бермек.

