Мемлекет басшысы жастарды Қазақстанның келбеті деп атады. Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты деп бағамдаған Қасым-Жомарт Кемелұлы, жас толқынның отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет деп байыптады. Жастарға қатысты Мемлекет басшысы айтқан үш негізгі басымдық – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм құндылықтары «AMANAT» партиясының ең белсенді буыны «Жастар рухы» Жастар қанатының қызмет өзегіне айналды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет деңгейінде қабылданған бағдарламалардың көпшілігі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған. Оның ішінде жастардың білім алуы, белгілі бір мамандық иесі атануы, баспаналы болуы, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетілуі сияқты нақты бағыттар бойынша қолдаулар көрсетілуде. Партия желісі бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс», қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Биылдан бастап «Агросауат» оқу курстары ашылуда, азаматтарға, оның ішінде жастарға агротехнологияның озық үрдістері үйретілетін болады. Партия бастамашы болып отырған «Цифрлы қоғам» жобасының да жас өскінге берер пайдасы көп деп білеміз.
Партия жас буынды қоғамның қозғаушы күші деп біледі. Алдымызда тұрған ұлы мұраттарға қол жеткізуде жігерлі жастардың бастамаларына қолдау білдіріп, оларды адалдық қасиеттеріне баулуда және елжандылық рухта тәрбиелеуде жастар арасында волонтерлық қозғалыстардың күш алуына ұйытқы болып отырмыз. Партия туы астына біріккен жастар апта сайын тұрақты негізде өтіп жатқан «Таза бейсенбі» экоакцияларының белсенді қатысушысына айналды. Жастардың қатысуымен «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары іске асырылып жатқан болса, қоғамдағы жас белсенділердің қатысуымен өткен республикалық «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарында Түркістан облысының өрендері екінші орын иегері атанды.
Партияның Түркістан облыстық филиалы жас көшбасшыларды анықтау, жастардың бойында зияткерлік рухты шыңдау, ежелден ілім-білімнің орталығы болған Түркістанның ағартушылық миссиясын қайта жаңғыртуда осыдан үш жыл бұрын «AMANAT-AQYLMAN» интеллектуалды ойындарын өткізуді қолға алды. Биыл төртінші мәрте өтіп жатқан зияткерлер жарысы Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі белесіне арналды. Ақылдылар сайысының қорытынды кезеңі — Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойы аясында өтетін болады.
Жастар арасында зор қызығушылыққа ие болған жобаның іріктеу ойындары бүгін Сайрам ауданында өтті. Құтарыс елді мекенінде ұйымдастырылып, өткізілген іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмұрадов, облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман, партияның аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Сыздықов қатысты.
Ақыл мен білімнің, ой мен парасаттың нағыз думанына айналған іс-шараның ашылуында сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы бұл – жай ғана жарыс емес, жастарды, зиялы қауымды, еңбек адамын бір мақсатқа біріктіретін рухани алаң екенін айтты.
«Алдыңғы аумақтық іріктеу кезеңінде ардагер ақсақалдар, этнос өкілдері, мәдениет, білім, спорт, медицина саласының майталмандары мен жалынды жастар қатарласа қатысып, бұл ойынды нағыз қоғамдық мерекеге айналдырған еді. Сайыстың мәні – тек дұрыс жауап беру емес. Бұл – ортақ пікір, биік ой, мәдени қарым-қатынас, ұлттық таным мен заманауи көзқарастың тоғысуы. Биыл – Жұмысшы мамандықтарға басымдық берілуде. Бұл – еңбек адамына, нақты істің шеберіне деген құрметті арттырудың, сонымен қатар білім мен кәсібилікті ұштастыра білетін тұлғаны тәрбиелеудің бір жолы», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Іріктеу ойындарына барлығы 13 команда қатысты. Партиямыздың жастар қанаты ұйымдастырған сайысқа депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, мектеп және колледж ұстаздары, азаматтық ұйым белсенділері, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Төрт кезеңнен тұратын ойындарда командалар логикалық сауалдарға жауап беру, ұтқыр жауап нұсқаларын ұсыну, фотосауалдарды шешу, кино және музыка тақырыбына арналған сауалдарға жауап беру бойынша өзара мықты командаларды анықтады.
Байқау қорытындысымен үшінші орынды «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы жеңіп алса, екінші орынға — №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебінің командасы мен №33 Шойынбаев атындағы жалпы орта мектебінің «BI-CLASS» командасы лайық деп танылды. Үздік ойын көрсеткен «Сайрам аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің командасы ойындардың жеңімпазы деп танылып, облыстық байқауда өнер көрсететін болды.