Бүгін аудан әкімдігінде Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов Бәйдібек ауданының активімен кездесу өткізді. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынның негізгі мақсаты — аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалды талқылау және азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары мен белсенді қоғам өкілдері қатысты.
Жиын барысында облыс прокурорының орынбасары қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимылының маңыздылығына тоқталып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар тұрғындармен тығыз байланыс орнату, халықтың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау және ашық диалог алаңын қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Жиын соңында аудан басшылығы облыстық прокуратура өкілдеріне белсенді азаматтық ұстаным мен ауданға арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін алғыс білдірді.
Бұл кездесу — құқықтық мәдениетті арттыруға, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.