Азаматтардың қаржылық әл-ауқатын арттыру және борыштық тұрақтылықты қамтамасыз етуде «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруды қолға алғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қаржылық сауатын арттыру мәселесіне айрықша тоқталып,партия бастамасын мемлекеттік деңгейде жалғастыруды тапсырды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бастаманың жалғасы ретінде 10–20 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйытқы болуымен бүкіл ел аумағында қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант өткізу басталды. Іс-шара қаржылық алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың қаржылық қауіпсіздік туралы білімін арттыру, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, көлеңкелі экономикамен күреске азаматтарды тарту міндеттерін көздейді.
Аталған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен Сауран ауданында «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» өткізілді. Іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков және аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев қатысты. Жиын білім беру ұйымдары басшыларының, құқық қорғау органдары өкілдерінің, қоғамдық ұйымдар мүшелерінің және жергілікті тұрғындардың қатысуымен өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға халықтың қаржылық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған қаржы пирамидалары мен алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және құқықтық-қаржылық мәдениетті қалыптастыру мақсатында республикалық деңгейде өтіп жатқан диктанттың мәні түсіндірілді. Диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, педагогтар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алатыны айтылды.
Қатысушылар онлайн платформада тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап береді. 16 және одан көп дұрыс жауап берген азаматтар цифрлық дипломмен марапатталса, қалғандары арнайы сертификатқа ие болды. Аталған жоба азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, өз құқықтарын қорғауға және заңды қаржы құралдарын тиімді пайдалануға бағытталған. Қаржылық қауіпсіздік диктанды өңіріміздің барлық аймағында белсенді өткізілуде.