БҰЛ БИЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАНЫНЫҢ БЕЛГІСІ

Бүгін Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, қордаланған мәселелерін жергілікті жерде шешуге бағытталған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдауы өтті. Бұл партияның «халыққа жақын болу», «мәселені оқиға орнында шешу» қағидаттарына негізделген жүйелі жұмысының нақты көрінісі. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі қабылдауға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, облыстық әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев, аудан прокуроры Нұрлыбек Темірбаев, партияның Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, сондай-ақ полиция, экология, мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар, жер ресурстары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, еңбек инспекциясы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы салалары мен «Оңтүстік Жарық Транзит», «QAZAQGAZ AIMAQ», «Қазсушар», банк мекемелерінің өкілдері қатысты.

Шағын ауылға 60-тан аса мекеме өкілінің жиналуы бұл халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын, нақты нәтижеге бағытталған мемлекеттік және партиялық жұмыстың айқын дәлелі болды.

Қабылдау барысында сөз сөйлеген Алтынсары Үмбетәлиев бұл форматтағы жиынның ауыл халқы үшін маңызын ерекше атап өтті. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «азаматтармен тікелей диалог орнату, шалғай ауылдарға бару» жөніндегі нақты тапсырмасынан туындаған.

— Партия соңғы жылдары тұрғындардың мәселесін тыңдауда жаңа форматқа көшті. Бұрын ауыл тұрғыны бір мекеме басшысына кіру үшін облыс орталығына барып, күндеп кезек күтетін. Ал бүгінде барлық жауапты мекеме өкілдері халықтың өзіне келіп отыр. Бұл биліктің халыққа бет бұрғанының белгісі. Өткен жылы облыс бойынша 17 аудан мен қалада 461 рет көшпелі қабылдау өткізіліп, 4500-ден астам азаматтың өтініші қабылданды. Бұл жай ғана сан емес, әр өтініштің артында адам тағдыры тұр. Дәл қазір осында келген әр мекемеге сауалдарыңызды қойып, нақты жауап ала аласыздар, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары ең алдымен электр жарығы, жер, тұрғын үй, жол, ауыз су, жұмыссыздық, спорт және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Ж.Жабаев көшесіне жарық шамдарын орнату, Бейбітшілік көшесін асфальттау, балалар спорт алаңын жаңарту, тұрақты жұмысқа орналасу, энергетикалық сусындарға тыйым салу туралы ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ суармалы жерлерді үй іргелік мақсатта пайдалану мәселесіне байланысты тұрғындарға заң аясында жан-жақты түсіндірме беріліп, баламалы шешімдер ұсынылды.

Бұдан бөлек, 1985 жылы салынған Ахмат Югнаки атындағы мектепке ағымдағы жөндеу қажеттігі, Шекербұлақ ауылындағы спорт алаңшасының жағдайы, Қарашықтағы құдық су деңгейінің төмендеуі секілді өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір өтініш жеке тіркеліп, тиісті сала басшылары нақты жауап беріп, бірқатары бойынша жедел шешу жолдары қарастырылды.

Ауыл тұрғындары мұндай форматтағы қабылдаудың тиімді екенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, билік өкілдерімен тікелей жүздесу күнделікті өмірде кездесетін түйткілдерді ашық айтуға, өз ойын бүкпесіз жеткізуге үлкен мүмкіндік береді. Бұл қабылдау ауыл халқы үшін нағыз диалог алаңына айналды.

Жалпы, көшпелі мобильдік қоғамдық қабылдаулар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы сенімді нығайтатын, ашықтық пен жауапкершілікті арттыратын тиімді тетік. Ауылдың тыныс-тіршілігін терең түсіну тек кабинетте емес, халықтың ортасында болғанда ғана мүмкін екені Жүйнек ауылындағы жиында тағы бір мәрте айқын көрінді.

Ауылдың дамуы, инфрақұрылымның жақсаруы, жастарға жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда Жүйнекте өткен көшпелі қоғамдық қабылдау халық үніне құлақ асатын, нақты шешімдерге бағытталған саяси маңызы зор қадам болды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды