Бәйдібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев «ASIA ENERGY CO» ЖШС-нің бас директоры Бауыржан Керімқазымен кездесті. Басқосу барысында тараптар қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан әкімдігі аталған жобаны жүзеге асыру үшін Боралдай ауылдық округінен 50 гектар жер телімін жалға беру мүмкіндігін қарастырып, кәсіпорынға қажетті барлық қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жобаны іске асыруға байланысты қажетті құжаттарын рәсімдеу кезеңінде аудан әкімдігі тарапынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетіні атап өтілді. Кездесу қорытындысымен Бәйдібек ауданы әкімдігі мен «ASIA ENERGY CO» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі тараптың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға, жаңа технологияларды енгізуге серпін бермек. Сондай-ақ, жеке инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірлескен іс-қимылын айқындайды. Бұл жобаның іске асырылуы Бәйдібек ауданы үшін маңызды инвестициялық қадам. Соның нәтижесінде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы нығайып, экономикасына оң серпін беріледі деп күтілуде.

