«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастарға арналған республикалық саяси лагерь ұйымдастырып келеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өз орнын табуға ұмтылған жастар үшін үлкен мектеп, тәжірибе алаңы. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылы бұл ауқымды іс-шара Түркістан облысының таулы аймағындағы «Тау самалы» демалыс орнында сәтті өткен болатын. Биылғы республикалық жастар саяси лагері Шығыс Қазақстан облысында өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам жас делегат қатысады деп жоспарланған. Түркістан облысынан іріктелген ең үздік 14 белсенді жас өңір намысын қорғап, елдің саяси белсенді жастарының сапында білім мен білігін жетілдіретін болады.
Саяси лагерь – тек демалыс орны емес, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын, кәсіби және тұлғалық дамуын арттыратын ерекше орта. Мұнда жастар партиялық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру, заманауи дағдыларды меңгеру, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, тұлғалық өсу, командалық жұмыс, интеллектуалды пікір алмасу бағытында көптеген шараларға қатысады. Сондай-ақ лагерь аясында түрлі тренингтер, семинарлар, тимбилдингтер, сондай-ақ еркін форматтағы диалог алаңында жастар арасында ашық пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріледі.
Лагерьде интеллектуалдық және мәдени кештер, түрлі ойын-сауық бағдарламалары да қарастырылған. Әр өңірден келген делегаттар кешкілік уақытта өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынатын болады. Бұл – жастардың өзара достығын бекемдеп, рухани үндестігін арттыруға сеп болмақ.
Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев лагерге жол тартатын жастармен арнайы кездесіп, оларды құттықтап, сәт-сапар тіледі. Кездесу барысында ол жастардың қоғамдағы рөлін, еліміздің болашағын қалыптастырудағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың даму жолына үнемі айрықша мән беріп келеді. Білімді, белсенді, елге жанашыр жас ұрпақ еліміздің болашағының кепілі. Бүгінгі жастар – ертеңгі көшбасшылар. Сіздер тек Жастар қанатының ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму бағыттарына қатысты тың идеялар мен бастамалар ұсынып, жаңа буынның көшін бастап келесіздер. Лагерь – сол жолдағы үлкен мүмкіндік. Сенім үдесінен шығатыныңызға кәміл сенеміз, – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Саяси лагерде Түркістандық делегаттар да өз идеяларымен, жобаларымен, ұсыныстарымен белсенділік танытып, өңір намысын абыроймен қорғайды деп күтілуде.
Айта кетейік, «Жастар рухының» басты мақсаттарының бірі қоғамдық-саяси өмірге жастардың араласуын арттыру, оларды мемлекетшілдікке, патриотизмге тәрбиелеу. Осы бағытта ұйымдастырылған лагерь – жастардың білімін, тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, елге қызмет етуге деген ынтасын арттыратын бірегей жоба.