1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұл игі шара «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылып, балаларға қуаныш пен шаттық сыйлады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік шараға арнайы келген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева мен Арыс қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков балаларды айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, олардың қуанышына ортақтасты. Шара аясында олар тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылық білдірді.
Құттықтау сөз алған Қалыйма Жантөреева балалардың еліміздің болашағы, үкілі үмітіміз екенін атап өтіп.
– Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Сіздерге қуаныш, мейірім мен махаббат тілеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та: «Балаларға ерекше назар аударуымыз керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деп атап өткен болатын. Бүгінде балаларымыздың алаңсыз өмір сүруі, сапалы білім алуы мен жарқын болашағы үшін мемлекет тарапынан, жергілікті билік пен партия тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Өздеріңізбен жиі кездесіп, жағдайларыңызды біліп отыру – мен үшін үлкен мәртебе. Апайларыңыз үнемі жетістіктеріңізді айтып, бізді қуантады. Алдағы уақытта да оқуда озат, өмірде озық болыңыздар! – деді.
Мерекелік көңіл-күй сыйлауға келген партия өкілдері балаларға тосын сый жасады. Одан бөлек, партия жанындағы “Әйелдер қанатының” облыстағы жетекшісі Қалыйма Жантөреева мектеп бітірушілерге өз қолымен өрнек салып тігіп, бітіру кешіне арналған “Бойжеткен” топтамасын табыстады. Сәнді көйлектер мен салтанатты киім топтамаларын алған балалар үлкен қуанышқа бөленді. Аманаттықтар әзірлеген сыйлықтар жас толқынның көңілінен шығып, олар шаттыққа кенелді. Балалар қамқорлық көрсеткен азаматтарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті.
Іс-шара барысында партия өкілдері балалар ауылын аралап, тәрбиеленушілердің тұрмысымен, шығармашылық еңбектерімен танысты. Балалар өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын, суреттерін, түрлі жетістіктерін көрсетті. Қонақтар оларға ақ тілектерін білдіріп, мекеме ұжымының еңбегіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында қазіргі таңда 7 отбасы бар, онда 61 бала тәрбиеленуде. Әр отбасы отандық рухани құндылықтарға негізделген, ата-аналық қамқорлықпен құрылған ортада өсіп келеді. Бұл мекеме балаларға тек баспана ғана емес, мейірім мен махаббатқа толы отбасылық ахуалды сыйлайды.
Осындай шаралар балалардың өміріне шуақ шашып, болашаққа деген сенімін арттыра түсетіні анық. «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы бұл іс-шара – бала құқығын қорғау мен олардың бақытты өмір сүруіне үлес қосуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.