Өз өмірін өзгелер үшін қатерге тігіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын сақтау жолында бел шешпей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметіне қолдау көрсетуге, жұмыс сапасын жақсартып, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға қажеттіліктерімен танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудандық полиция бөлімінде болды. Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, ғимаратты аралап көрді. Бұл туралыы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Құрбанбаевтың айтуынша тәртіп сақшылары тарапынан қылмыспен күресті күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырған жұмыстар мен тынымсыз жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыстың негізгі санаттары бойынша көрсеткіштер төмендеген.
«Бүгінде ел ішінде полицияның қызметіне, полиция сарбаздарының адами болмысына, тұлғалық бейнесіне деген халықтың көзқарасы өзгеріп, оң бағалар берілуде. Мұның бәрі, әрине, қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі» деген аудан басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қауіп-қатердің бел ортасында жүретін полицейлерге қашан да қолдау көрсететінін жеткізді.
Полиция ғимаратын аралап, қызметкерлермен тілдескен Серік Үсенұлы жөндеу жұмыстарын қажет ететін және бұзып, қайта салуды қажет ететін бөлімшелердің ғимараттарына сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін аудан әкімінің қолдауымен тәртіп сақшыларының шақыртуларға уақытылы кешікпей баруларына, аудан азаматтарының полиция қызметкерлеріне деген сенімділігі мен жұмыс сапасын бұдан да арттыру мақсатында қызметтік 2 жеңіл автокөлік, 30 байланыс құралын (рация) табыс етілген болатын.