Түркістан облысындағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды басымдығы болып енгені белгілі. Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Қазығұрт ауданындағы Атажұрт елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл тұрғындары үшін тарихи сәт болып табылатын іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті тұрғындар, жобаны іске асыруға жұмылған мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жобаның ашылуында сөз алған Алтынсары Дүйсенбекұлы ауыз су жүйелерін салу мен жаңарту тек инженерлік мәселе ғана емес, тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін әлеуметтік мәселе екенін айтты.
— «AMANAT» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасына қоғамнан түскен ең маңызды, ең өзекті деген мәселелерді енгізді. Соның ішінде ауыз суы жоқ елді мекендерге су құбырларын тарту, су тапшылығына тап болған ауылдардың мәселесін шешу – партия атқаратын жұмыстың бағдары болып бекітілді. Ауыз су құрылысына қатысты мәселелерді Парламент, мәслихат депутаттары жиі көтеріп, қажетті қаржы көлемдерінің бөлінуіне ықпал етіп отыр. Нәтижесінде сапалы су тұтынатын ауылдардың саны артып келеді. Қазығұрт ауданында барлығы 61 елді мекен болса, соның 60 елді мекені ауыз сумен қамтылған ауылдар санатында болатын. Бүгін Атажұрт елді мекені ауыз сумен қамтылып, Қазығұрт 100 пайыз сапалы су тұтынатын аудан қатарына енді», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Аудан тұрғындарын осы тарихи оқиғамен құттықтау сөзінде аудан әкімі Азизхан Исмаилов аудан көлемінде 59 елді мекен орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылғанын, 2 елді мекен бұлақ көзінен су алатынын мәлімдеді. Атажұрт елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жобасына аудан бюджетінен 714,3 млн. теңге бағытталып, инженерлік жүйелерді салу жұмыстары мерзімінде аяқталғанын айтты. Құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, әр ауылдың таза, сапалы су тұтынуы ауданның орнықты дамуы мен тұрғындардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік ашады деген сенімін жеткізді.
Айта кету керек, Атажұрт елді мекенінде барлығы 1061 адам тұрады, 211 тұрғын үй тіркелген. Ауыз су жүйелерінің құрылысын «Royal Инжинеринг» ЖШС жүргізген. Жоба аясында 13 шақырымға жуық құбыр орнатылып, сыйымдылығы 150 м3 болатын екі су қоймасы салынған. Екі су ұңғымасы қазылып, сорғы станциясының құрылысы жүргізілген, электр қуатын тұрақты беретін трансформатор орнатылған.

