ҚАЗІРГІ ТАҢДА МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫНЫҢ РӨЛІ БҰРЫНҒЫДАН ДА АРТЫП ОТЫР

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «PsyTalks: Заманауи психологиялық қызметтің жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктері» тақырыбында облыстық конференция өтті. Бұл туралы “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Лекция мен практика форматында өткен алғашқы психологтар конференциясына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова мен 1000-ға жуық педагог-психолог қатысты.

Конференция “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, партия филиалы жанындағы “Әйелдер қанатының” әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қалыйма Жантөрееваның «Қошқаратадағы қыз» эссесінің негізінде түсірілген тақырыптық қысқаметражды фильмді тамашалаудан басталды. Қысқаметражды фильм енемен сыйыспай қызын жетектеп қала жағалаған ананың тағдырын баяндайды, ана жүрегіндегі мәңгілік өкініштің тұңғиығын көрсетеді. Режиссер Асхат Тұрғанов түсірген, Арман Алиев пен Қалыйма Жантөреева сценарийін жазған фильмнен көрермендер өмірде ағат кеткен бір ғана қателіктен тағдырлар талқандалып, армандар күйрейтіні жөнінде ақпарат алды.

Жиында балалардың зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажеттігі туралы айтылды. Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қазіргі таңда мектеп психологының рөлі бұрынғыдан да артып отырғанын атап өтті. Оқушылардың психикалық саулығы, олардың оқуға, өмірге деген ынтасы, сынып ішіндегі қарым-қатынас, ата-анамен байланыс – осының бәріне кәсіби қолдау қажеттігі айтылды.

Конференция жұмысына психология саласының отандық сарапшылары қатысып, қазіргі білім беру кеңістігіндегі психологиялық қызметтің өзекті мәселелері мен болашағы туралы баяндамалар жасады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды