АЗАМАТТАРДЫҢ САУАТТЫЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі “AMANAT” партиясының “Қарызсыз қоғам” жобасы аясында республикалық Қаржылық қауіпсіздік диктантын (FinIQ) өткізуді бастады. Диктант республиканың барлық өңірлерінде 10-20 қазан аралығында өтеді. Бұл туралы “AMANAT” партиясының Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бастаманың мақсаты – қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық тәуекелдері туралы хабардарлығын күшейту және жеке қаржыны қауіпсіз басқару мәдениетін қалыптастыру.

Диктантқа 6-11 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қаржылық мониторинг субъектілері қатыса алады.

Қаржылық қауіпсіздік диктанты аясында Түркістан қалалық Мансап орталығына келушілер 20 сұраққа жауап беріп, қаржыны басқару, алаяқтық әрекеттерден қорғану, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау мәселелері бойынша өз ойларын білдірді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері дұрыс жауаптардың кемінде 50 пайызын (10 және одан көп) жинаған қатысушыларға Қатысушы сертификаты табысталатынын айтты. Ал 80 пайыз және одан да көп (16 және одан көп) дұрыс жауап бергендер Жеңімпаз дипломына ие болатынын, әр өңірде диплом алған алғашқы 10 жеңімпаз естелік сыйлықтармен марапатталатынын хабарлады.

Айта кету керек, азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен қырағылығын арттыру – ұлттық қаржылық қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі. Біз барлық қазақстандықтарды диктантқа қатысып, өз білімдерін тексеруге шақырамыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды