«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындар жерге қатысты сұраныстарын, елді мекендерді табиғи газбен қамту мәселесін, ішкі көшелерге жарықшам орнату өтініштерін білдірді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Сайрам ауданы, Сарыарық ауылынан келген тұрғын жергілікті өндірістік кооперативтің иелігіндегі жер телімінде пай үлесі бар екенін айтып, ортақ мүліктегі үлестің әділ бөлінуіне көмек көрсету мәселесімен жүгінді. Дәл осы мазмұндағы сұранысын осы ауданның Тоған ауылынан келген азамат та білдірді. Аталған мәселелер бойынша партияның Сайрам аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Сыздықов, Сайрам ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков қосымша түсініктеме берді.
Азаматтарға әрбір кооператив мүшесінің пай үлесі оның кооперативке қосқан мүлкіне, жер көлеміне, еңбекке қатысуына және қаржылай салымына қарай есептелетіні түсіндірілді. Егер кооператив жерді ұжымдық пайдалану негізінде құрылған болса, онда жер пайы бастапқыда бөлінген жер актілері мен кадастр деректері негізінде анықталатыны айтылды. Аталған мәселеге қатысты құқықтық шешім шығару сот тәртібімен реттелетіні түсіндіріліп, азаматтарға құқықтық кеңестер берілді. Тұрғындардың бұл сұраныстарын партияның Сайрам аудандық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында бақылауда ұстайтын болады.
Қазығұрт ауданы, Еңбекші ауылынан келген тұрғын Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты елді мекендерді табиғи газбен қамту мәселесін көтерді. Қазығұрт ауданының әкімдігі берген мәліметке сәйкес, Еңбекші ауылына газ жүйелерін тарту бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыру бойынша ұсыныс берілетін болады. Бұл мәселенің қолдау табуын облыстық партия филиалының төрағасы жеке бақылауына алды.
Қабылдау барысында «Шарбұлақ – Қарабау – Амангелді – Ақбастау» аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу өтініші айтылды. Қабылдауға келген азаматқа қоғамдық маңызға ие жолдың құрылысы екі кезең бойынша жүргізілетіні түсіндіріліп, бірінші кезеңдегі жұмыстар биыл басталатыны айтылды. Қазіргі таңда жобаны іске асыратын мердігер ұйым анықталып, бірінші кезеңде атқарылуы керек жұмыстар көлемі бекітілген. Аталған нысандағы жол құрылысы 2026 жылы толығымен аяқталатын болады.
Сайрам ауданы, Қожақорған елді мекенінен келген азамат тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер бөлінуіне ықпал етуді сұрады. Тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері тек инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерлерде берілетіні және жер телімдері азаматтарға кезек реті бойынша бөлінетіні түсіндірілді. Бұл тәртіп азаматтардың қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға бағытталғаны айтылды.
Қазығұрт ауданы, Атбұлақ елді мекенінен келген азамат ауылдағы ішкі көшелерге жарықшам орнату мәселесін көтерді. Бұл мәселе ретімен шешім табатыны айтылып, сметалық есебі жүргізілгені түсіндірілді. Жобаны қаржыландыру мәселесі аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралатыны туралы мағлұмат берілді.
Қабылдау барысында айтылған барлық өтініштер мен сұраныстар партияның Сайрам және Қазығұрт аудандық филиалдарының бақылауында болады, азаматтарға қосымша қажетті кеңестер алуына мүмкіндік береді.