АЗАМАТ БОЙЫНДАҒЫ ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ – ОТАНШЫЛДЫҚ РУХ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұжымы бүгінгі жұмыс күнді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан бастады. Салтанатты жиында партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев «Бүгін мемлекеттілігіміз үшін айрықша маңызы бар ұлы күн» деп атап өтті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Туымыз, Елтаңбамыз және Гимніміз бекітілді. Ұлы дала жүрегі саналатын Қазақстан дербес мемлекеттілігіне ие болып, көшпенділер өркениетінің алтын бесігі болып әлемге танылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», — деп атап өтті. Азамат бойындағы ең асыл қасиет – отаншылдық рух Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Елдіктің белгісі саналатын атрибуттар біздің ұлттық бітім-болмысымыздың және халқымыздың өр рухының өзегі болып табылады. Мемлекеттік рәміздерді қадір тұтуымыз арқылы тарихымыздан ғибрат аламыз, мәдениетімізге, салт-санамызға құрмет көрсетеміз, баянды болашағымызға қадам басамыз. Мемлекеттік рәміздерді – Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік пен азаматтық келісімге негізделген ең маңызды құндылықтарының көрінісі деп білеміз.

Елтаңбамыз мәңгі жарқырап, көк туымыз мәңгі желбірей берсін! Қазақ елінің Гимні азаттықтың үні боп мәңгілікке шарықтасын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды