ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНАСЫ НЫҚ ӘРІ СЕНІМДІ ҚАДАММЕН АЛҒА БАСУДА

«AMANAT» партиясының Арыс қалалық филиалы 19 маусым — медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен құттықтады.

«AMANAT» партиясы еліміздің медицина қызметкерлерін Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтайды!

Бұл күн – өмірін адам өмірін құтқаруға арнаған жандарға алғыс білдірудің тағы бір мүмкіндігі. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде дәрігерлердің жанқиярлық еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар демалыссыз, өз денсаулығына қауіп төндіре жүріп, ерлік пен табандылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін бейбіт уақыттың батырлары деп атауы да бекер емес.

Бүгінде Қазақстан медицинасы нық әрі сенімді қадаммен алға басуда. Жаңа туған нәрестелерге ашық жүрекке ота жасау мен бірегей трансплантациялар секілді жетістіктер – еліміздің дәрігерлерінің кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы медициналық инфрақұрылымды жақсарту, азаматтарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында ауылға барып жұмыс істейтін дәрігерлерге 100 ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін көтерме төлемдер енгізілді. Соңғы бес жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы шамамен екі есеге өсті.

Партия фракциясының Мәжілістегі жұмысының нәтижесінде медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Өткен жылдан бастап медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшаларға басымдықпен орын беріледі. Сондай-ақ олардың кәсіби қызметіне өзгелердің араласуына қатысты қорғау шаралары күшейтілді және басқа да маңызды өзгерістер қабылданды.

Ел Президентінің бастамасымен екінші жыл қатарынан «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалып келеді. Бұл – медицина қызметкерлеріне деген ерекше құрметтің белгісі.

Айта кету керек, партия мүшелерінің шамамен 70 мыңға жуығы – медицина саласының өкілдері, олардың барлығы – «AMANAT» партиясының басты тірегі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әрбір медицина қызметкеріне мамандығына деген адалдығы, рухының мықтылығы және ел дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз! Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен отбасылық амандық тілейміз!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды