Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.
Қысқы IX Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы 10 спорт тәртібі бойынша 6 спорт түрінен бақ сынайды. Бүгінгі таңда команда құрамы бекітіліп, ойынға 138 спортшы қатысатыны белгілі болды. Алдағы қысқы Азия ойындары 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Премьер-министр олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді дайындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда спортшылар даярлаудың нақты жүйесінің жоқтығы, жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі, спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестіктің төмендігі байқалады.
«Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.