Сауран ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудандық Полиция бөлімімен бірлесе отырып, автокөліктердегі өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді. Рейдтің негізгі мақсаты — жол-көлік құралдарындағы өрт қаупін төмендету, ақаулы автокөліктерді анықтау және жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін арттыру. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында мамандар аудан аумағында қозғалыста жүрген көліктерді тоқтатып, олардың техникалық жағдайын тексерді. Әсіресе, электр сымдарының жағдайы, өрт сөндіргіштердің жарамдылығы, газ қондырғылары орнатылған көліктердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң назарға алынды.
Түсіндіру жұмыстары кезінде жүргізушілерге өрт шығуының басты себептері, оны болдырмау шаралары және авариялық жағдайда әрекет ету ережелері түсіндірілді. Қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған немесе көлік құрылғыларында айқын кемшіліктері бар жүргізушілерге қатаң ескерту жасалып, тиісті хаттамалар толтырылды.
Аудандық Полиция бөлімі мен Төтенше жағдайлар бөлімі мамандары тұрғындарды көліктің техникалық жарамдылығын жүйелі тексеріп отыруға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

