«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ғимаратында Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат Дүйсебекұлы қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудандық партия филиалының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалы хабарлады.
Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Надир Акешов елді мекенде жүргізіліп жатқан ауыз су құбырлары құрылысының сапалы орындалуына бақылауды күшейтуді сұрап, сондай-ақ ауыл сыртындағы тұрғын үйлік учаскесіне ауыз су және табиғи газ жүргізу мәселесін көтерді.
Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Д.Үсенов аталған елді мекенге қарасты №2 мектепке баратын жол бойында жарық шамдарының жоқтығын айтып, бұл мәселенің әсіресе кешкі уақытта мектептен қайтатын оқушылар үшін қолайсыздық тудыратынын жеткізді.
Көтерілген мәселелер бойынша бөлім басшысы Асылбек Қанағат Дүйсебекұлы алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін, ауыз су және газ желілерін жүргізу мәселесін шешу үшін қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Ал мектепке баратын жол бойына жарық шамдарын орнату туралы мәселе қазіргі таңда бюджетте қаржының жоқтығына байланысты кейінге қалдырылғанын хабарлады.
Партия тарапынан бұл мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

