Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба бойынша елді мекенді Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосу көзделген. Бұл – өңірдегі ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба.
Нысанның құрылыс жұмыстарын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «FS Development Group» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда құрылыс нысанында ауыз су құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, Р-1 магистралдық құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су қоймасы және қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 95 пайызға орындалды.