АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛЫ ШЕШІМІН ТАППАҚ

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Маяқұм ауыл округінде жалғасын тапты. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған жұмыстар баяндалып, ауыл округі бойынша қолға алынған жобалардың орындалу барысына тоқталды. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы жылы Маяқұм ауыл округіндегі бірнеше көшелер жөндеуден өтіп, абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда  ұзындығы 750 метр болатын Е.Әнетбеков көшесіне, ұзындығы 690 метр болатын Р.Мырзабеков және Т.Сыздықов көшелеріне,  сондай-ақ ұзындығы 580 метр болатын Ә.Баймбетов, С.Сейтбеков көшелеріне асфальт төселген. Ауыл округіндегі мекемелер мен «Жасыл аймақ» және жол бойына  жалпы 2000 түп көшеттер егілген. Сонымен қатар Қостерек елді мекеніндегі 30 бағана мен 1 трансформатор, Бестам елді мекеніндегі 1 трансформатор, 20 бағана ауыстырылып жаңартылған. Жыл соңына дейін Ө.Жәнібек пен Әліпбек ата көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Ауыл тұрғындары үшін өзекті болып келген ауыз су мәселесі де ағымдағы жылы шешімін таппақ. Елді мекендегі ауыз су мәселесі бұған дейін халықпен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Аталған мәселеге байланысты бүгінгі таңда ауылдағы ауыз су жүйелерін жөндеу, ауыз су ұңғымасын қазу, жақын елді мекендерге баратын ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылуда.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзге де өзекті мәселелер бойынша көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті бөлімдер мен жауапты мамандар тарапынан жауап алынды. Кейбір мәселелерді аудан басшысы бақылауға алып, мерзіміне қарай заң аясында жауап берілетінін атап өтті.

Кездесуден соң аудан әкімі Маяқұм ауылындағы ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын аралап көрді. Мердігер мекеменің өкілдеріне тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе айтып, тиісті жұмыстарды сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізуді тапсырып, жауапты орынбасарына бақылауға алуды тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды