АУЫЛДЫҢ ӨРКЕНДЕУІ – ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ

Түркістан облысының экономикасы үшін ауыл шаруашылығы – негізгі сала. Облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады, сол себепті азаматтардың табысын арттыру жөніндегі межелі міндеттерді іске асыруда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған өңірлік Жол картасында ауыл шаруашылығын дамытуды ең әуелгі басымдық ретінде қарастырған. Бұл туралы “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Ауылдың өркендеуі – елдің берекесі, еңбек адамын құрметтеу – адал қоғам құруға жасалған маңызды қадам деп білетін партиямыз ауыл дихандарының «Алтын күз» мерекесін – ел еңбегін ұлықтайтын, берекелі еңбектің жемісін дәріптейтін айтулы шара деп біледі. Бүгін ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері ақталған «Алтын күз» мейрамын Ордабасы ауданының жұртшылығы атап өтті. Дала төсінде қызу еңбек етіп, елдің ырысын арттырған егіншілердің мерекесіне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, жерге дән сеуіп, оны алтын астыққа айналдырған шаруалардың қуанышымен бөлісті.

Темірлан ауылының орталық алаңында өткен мерекелік шараға шақырылған меймандарды Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, Ордабасы ауданынан сайланған Түркістан облыстық мәслихат депутаты, партиялық фракция мүшесі Ғани Райымбеков бастаған жергілікті басшылар қарсы алды.

Мереке аясында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті селекционерлер және асыл тұқымды мал өсіруші шаруалар баптауға алған төрт түліктің артықшылықтары таныстырылды. Ордабасылық диқандар өсірген өнімдердің түрлері көпшілік назарына ұсынылып, ауданның агроөнеркәсіп кешенінде іске асқан кәсіпкерлік жобалары жөнінде мағлұмат берілді, сондай-ақ қонақтар жергілікті тауар өндірушілер шығарып жатқан өнімдердің көрмесін тамашалады.

«Алтын күз — 2025» салтанатты іс-шарасында жыл үздіктерінің есімдері аталып, құрмет көрсетілді. Агросекторда, мал шаруашылығында  табысты еңбек еткен шаруа ұжымдары анықталып, ауыл адамдарының қажырлы еңбегіне лайықты баға берілді. Көпшіліктің ізгі тілегі мен шарапатына бөленген азаматтардың қатарында қарапайым еңбегімен танылған егіншілер, бағбандар, малшылар, механизаторлар, селекционерлер, аграрлық шаруашылық жетекшілері, агробизнес құрылымдарының майталмандары бар. «AMANAT» партиясы ауыл тіршілігінің бастауында тұрған барлық азаматтардың еңбегі ең биік деген құрметке лайық деп біледі және осы санаттағы тұрғындардың еңбек майданындағы ерлігі мен табандылығын қоғамға үлгі ретінде ілгерілете береді.

Ордабасы төрінде өткен еңбек пен елдік рухтың тойы жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламамен және ұлттық спорт ойындарынан қызықты сайыстармен жалғасты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды