АУЫЛДЫҢ ДАМУ БАРЫСЫ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу Достық ауылындағы  Ш.Уәлиханов атындағы №16  жалпы орта мектебінің акт залында өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы баяндап, ауылдық округте 2025 жылы жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Еркін форматтағы кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиында округ халқы ауыз су, жол бойындағы кәріз жүйесінің мәселесі, «Келешек» мектебіне балаларды тасымалдау, электр жарығына қатысты сұрақтар көтерді. Сондай-ақ округтің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, ауылдың даму барысы және инфрақұрылым мәселелері талқыланды.

Кездесуден кейін аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының жеке мәселелерін тыңдады.

«Біздің басты мақсатымыз – әр ауылдың тұрмыс сапасын арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Тұрғындардың пікірін ескеріп, нақты мәселелердің шешімін табуға күш саламыз. Осындай кездесулер – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың көрінісі», – деді аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов.

Кездесу соңында тұрғындар көтерген мәселелерді шешу бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды