АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ СҰРАНЫСТАРЫ АУДАНДЫҚ ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ  НАЗАРЫНДА

Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде айқындалып, белсенді қызметімен еліміздегі ең ықпалды саяси күшке айналған «AMANAT» партиясының өзегін республика бойынша 4 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдары құрайды. Бастауыш ұйымдардың қоғамдағы рөлін арттыруда Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен 2025 жыл – Бастауыш партия ұйымдарының жылы болып белгіленді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«AMANAT» партиясының Бәйдібек аудандық филиалына қарасты 14 бастауыш партия ұйымдары қызмет атқарады. Осы ұйымдардың жұмыс белсенділігін қамтуда аудандық партия филиалының басшылығы мен мәслихат депутаттары бастауыш ұйымдардың алаңдарында тұрғындармен кездесулер өткізуді қолға алған. Осы мақсаттағы жиын таяуда  «Көктерек» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен өтіп, оған партияның Бәйдібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Нұрғали Тұрлыбеков қатысты.

Жиында бастауыш ұйымның атқарып жатқан жұмыстары туралы және аудандық мәслихаттың депутаты ретінде партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша ұйым төрағасы Нұрғали Диханбаевтың есебі тыңдалды. Нұрғали Ілесбекұлы партия айқындаған басымдықтар мен мақсаттарды іске асыруда, сайлаушылардың талап-тілектерін орындауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс бағыттары жөніндегі ойларымен бөлісті.

Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуанышбек Қансейітов партиялық қызметті азаматтармен тікелей жұмыс істеуге бағдарлау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Партияның ықпалымен қабылданып, азаматтардың нақты сұраныстарына жауап беретін бастамаларды ілгерілету, қоғамға пайдалы, жұртшылық игілігін көріп отырған партиялық жобалардың нәтижелі жүзеге асуын қамту міндеттемелерінің орындалуы жайлы ақпарат берді. Партия бекіткен Сайлауалды бағдарлама мен халыққа берген уәделердің орындалуын үйлестіру, Жол картасы тармақтарының іске асырылуы, депутаттық корпуспен жұмыс, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау, олардың орындалуын бақылау сынды қызметтік міндеттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіріп өтті.

Ашық мазмұнда, еркін сипатта өткен жиын барысында партия мүшелері жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер ретінде құрылысы өткен жылы басталған бес көшенің жөндеу жұмыстары созбалаңға түсіп жатқанын айтты. Азаматтар ауыз судың жетіспеушілігіне байланысты шағымдар білдіріп жатқаны мәлімделді. Ауылда ағын су мәселесі бойынша, интернет байланысының сапасына қатысты өзекті мәселелер бар екендігі депутат назарына жеткізілді. Нұрғали Тұрлыбеков айтылған шағымдарды назарға алып, олардың оң шешім табуында тиісті салалық мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізетініне сенім білдірді.  Ауыл тұрғындары білдірген сұраныстардың орындалуын қадағалауды аудандық партия филиалы да тұрақты назарында ұстайтын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды