АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАРАПЫНАН БІРҚАТАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Сауран аудандық мәслихат депутаты Байсбаев Сержан Ермекбайұлы және аудандық мәслихат депутаттары Жүйнек ауылдық округінде халықпен кездесу өткізді. Іс-шара барысында округ аумағында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ауыл тұрғындары көтерген өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы С.Асылбеков, аудандық мәслихат депутаттары Н.Абдуллаев пен Е.Мустапаев, ауылдық округтің әкімі Т.Абдікәрімов, сондай-ақ аудан әкімдігінің бірқатар салалық бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты. Олардың қатарында: Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ш.Аманбаев, жер қатынастары бөлімінің басшысының орынбасары Н.Молдабаев, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы А.Жәнібек, «Мансап орталығы» КММ маманы О.Бақтыбай, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас инспекторы Е.Досжан, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маман міндетін уақытша атқарушы С.Әубәкір, аудан әкімі аппаратының құжаттандыру бөлімінің бас маманы Ж.Ален және ауыл тұрғындары болды.

Жиынды «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы С.Асылбеков ашып, алғашқы сөз кезегін Сержан Ермекбайұлына ұсынды. Халық қалаулысы өз баяндамасында Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарын 2024 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен және жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалармен жан-жақты таныстырды.

Одан кейін сөз алған мәслихат депутаты Е.Мустапаев өз қызметі барысында жүзеге асырған бастамалары, өткізген іс-шаралары мен жолдаған депутаттық сауалдары жайында баяндады.

Келесі болып сөз алған мәслихат депутаты Н.Абдуллаев Жүйнек ауылдық округіне бөлінген қаржы көлеміне және бұл қаражат есебінен атқарылған нақты жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, өз бастамасымен іске асқан жобалар туралы да ақпарат берді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.

Атап айтқанда, Шыпан елді мекенінің тұрғыны А.Абдуғаппаров «Қосқорған» су қоймасынан келетін су арнасын жөндеуді және Шыпан ауылына балаларға арналған ойын алаңын салып беруді сұрады. Мәслихат депутаты Е.Мустапаев бұл мәселені жақсы білетінін және тиісті мекемелерге ұсыныс беретінін жеткізді. Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас инспекторы Е.Досжан бұл мәселе бойынша Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс жолданғанын айтты. Ал балалар ойын алаңы бойынша Шыпан ауылында 2025 жылы құрылыс жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

Жүйнек ауылының тұрғыны О.Мырзагелдиев бірқатар мәселелер көтерді. Біріншісі – қайтарымсыз грант алу жайы, екіншісі – ағын судың жетіспеушілігі, үшіншісі – ауылдық округтегі 32 ұңғыманың құжаттарын рәсімдеу мәселесі. Қайтарымсыз грант жөнінде «Мансап орталығы» маманы О.Бақтыбай толыққанды түсініктеме берді. Ағын су мәселесіне қатысты «Тұран су» және «Қазсушар» мекемелерімен бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ал ұңғымаларды құжаттандыру бойынша мәслихат депутаты Е.Мустапаев қажетті қолдау көрсететінін жеткізді.

Ауыл тұрғыны Ф.Абдуллаев Жүйнек ауылдық округіндегі бірнеше көшеге әлі асфальт төселмегенін айтып, бұл мәселені шешуге ықпал етуімізді сұрады. Аталған мәселеге орай тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, Шыпан елді мекенінің тұрғыны Д.Ибрагимова Бабыр көшесіне жарықтандыру желісі тартылғанымен, жарық шамдарының әлі жанбай тұрғанын және көшеде ауыз судың үнемі тоқтап қалатынын жеткізді. Бұл мәселелерге байланысты ауыл әкімі Т.Абдікәрімов Бабыр көшесіндегі жарық шамдарының жақын арада іске қосылатынын және «Сауран су» мекемесімен бірлесе отырып, ауыз су мәселесі шешілетінін атап өтті.

Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жолданатын болады. Әр мәселе жеке бақылауға алынып, оның шешу жолдары жан-жақты қарастырылатындығын жеткізді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды