АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА НИЕТІ ЖОҚ ТҰЛҒАЛАРҒА БАУ-БАҚША ЖЕРЛЕРІ БЕРІЛГЕН

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының кезекті көшпелі отырысы Сайрам ауданында өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген жер қатынастарына қатысты тапсырмалардың орындалуы, аудандарда мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жай-күйі және заңсыз бөлінген жер учаскелеріне қатысты мәселелер талқыланды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысты «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жүргізіп отырды. Іс-шараға Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, Түркістан облысы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Хурсанбек Юнусов, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық мәслихат депутаттары, комиссия мүшелері және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбеков қатысты.

Жиынды ашқан Алтынсары Дүйсенбекұлы отырыстың маңыздылығына тоқталып, облыстағы жер қатынастарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. «Жер аманаты» жобасы аясында 2022-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 1,5 миллион гектардан астам жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Биылғы жоспар 120 пайызға орындалды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында: «Жер – стратегиялық ресурс. Оның игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек», – деп нақты тапсырма берген болатын. Алайда соңғы тексерулер барысында бірқатар өңірлерде, әсіресе Сайрам ауданында, Жер кодексі талаптарының бұзылғаны, жерді мақсатсыз пайдалану және заңсыз бөлу фактілері анықталды. Сондықтан бұл мәселені жергілікті жерде жан-жақты қарастыру үшін бүгін осында жиналып отырмыз, – деді Алтынсары Үмбетәлиев.

Күн тәртібіне сәйкес, Түркістан облысы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы басшысының орынбасары Хурсанбек Юнусов баяндама жасап, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру нәтижелерімен бөлісті.

– Тексеру барысында бірқатар ауылдық округтерде жер бөлу кезінде заң талаптары сақталмағаны, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниеті жоқ тұлғаларға бау-бақша жерлері берілгені, комиссия шешімдерінің негізсіз өзгертілгені анықталды. Мұндай жағдайлар алғаш рет 2023 жылы Қарабұлақ ауыл округінде тіркелсе, бүгінде оған Манкент ауыл округі де қосылып отыр. Нәтижесінде, кейбір шешімдер бас жоспарға қайшы қабылданған, – деді Хурсанбек Юнусов.

Оның айтуынша, анықталған заң бұзушылықтар бойынша жергілікті лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныстар енгізілген.

Келесі сөз Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековке берілді. Ол аудандағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу жұмыстары туралы баяндады. Сайрам ауданының жалпы жер көлемі 114 761 гектарды құрайды. Оның ішінде жайылым жер – 20 405 гектар.

— Ауданда ортақ жайылым құру мақсатында 2022–2025 жылдары жеке және заңды тұлғалардан жалпы көлемі 9 971 гектар жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен алынды. Қазіргі таңда 801 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 6 234 гектар жер ортақ пайдалануға берілді. Ал 210 гектар жерге қатысты іс Сайрам аудандық сотының өндірісінде қаралуда, – деді бөлім басшысы.

Ол сондай-ақ, 2022 жылдан бері әр ауылдық округ айналасында ортақ жайылымдарға мемлекеттік актілер рәсімделіп, ауыл әкімдерінің теңгеріміне берілгенін мәлімдеді.

Отырыста кемшіліктерге жол берген ауыл әкімдері тыңдалып, олар жіберген заңсыздар бойынша комиссия мүшелері тарапынан талқыға салынды. Бірқатар өзекті ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.

Жиында сөз алған Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев прокуратура анықтаған заңсыздықтар бойынша нақты шаралар қабылданатынын айтты.

– Аудан әкімдігі тарапынан қосымша зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Комиссияның қазіргі құрамын қайта қарап, шешім шығаруды уақытша тоқтата тұрамыз. Бұл бағытта партияның қолдауымен қатаң және әділ жұмыс жүргізілетін болады, – деді аудан әкімі.

Жиын қорытындысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, жер қатынастары саласындағы тәртіпті күшейту және қоғаммен ашық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін жеткізді. Облыс прокуратурасымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу үшін ауқымды семинар-кеңес ұйымдастыру керектігін айтты.

Бұл бағыттағы барлық жұмыстар партияның қатаң бақылауында болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды