Осы аптадан бастап Парламент өкілдерінің өңірлердегі жұмыс кездесулері басталды. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков бүгін Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Парламент өкілдерінің жергілікті кәсіпкерлермен кездесулеріне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, партияның Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов тағы да басқа ресми өкілдер, ауыл ақсақалдары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Парламент өкілдері Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің банан өсіру жылыжай кешенімен танысты. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд. теңгені құрайды, барлық жабдықтар Түркиядан алынған. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылуда.
Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, 1,0 гектарға – құлпынай өсіру жобалары іске асатын болады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңдері табысты іске асырылған жағдайда, бұл шаруашылық отандық нарықты 1500 тонна – банан өнімдерімен, 120 тонна – құлпынаймен, 3153 тонна – қызанақпен және 1125 тонна қияр өнімдерімен қамтитын болады. Жоба құны барлық кезеңдерді қоса есептегенде 13,4 млрд. теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен және газбен қамту, жер асты суын пайдалануда ұңғыма шаруашылығын жолға қоюға көмек көрсетілуде.
Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты іске асырып жатқанына ризашылығын айтты. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қазақстандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды, бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, озық үрдістерді енгізген шаруашылық базасында бастауыш партия ұйымын құру бойынша ұсыныстарын айтты.
Аграрлық саланы заман талабына сай дамыту мәселесіне назар аударған Мәжіліс депутаттары, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында берген тапсырмаларына тоқталды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық салаға айналуы тиіс екенін айтып, ол экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс деп байыптады. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі екенін айта отырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру басты мәселе екенін жеткізді.
«Жұмысымызды бастамас бұрын, Түркияға арнайы барып, сол елдің жылыжай кешендерін зерделедік. Түрлі дақылдардың өнімділігін бағаладық, біздің климатқа лайықты болатын дақыл түрлерін әбден зерттедік. Сондай-ақ еліміздің импорт-экспорт статистикасын, аймақтың даму мүмкіндіктерін, нарық қажеттіліктерін бағамдадық. Осы параметрлердің бәрін есепке ала отырып, банан өсіруді қолға алдық. Түркиядан мамандар шақырып, жабдықтарды орнаттық, біздің жерімізге лайықты банан сұрыптары жеткізілді. 2023 жылғы маусым айында 5 гектар жерге банан өсіруді қолға алдық. Биылғы мамыр айында еліміздің жалпы нарықтық сұранысының 1 пайызын өтеуге қабілетті бірінші өнім жиналады. Бананның бір түбі 15 жыл бойы өнім береді. Біз қазір жылына екі мәрте өнім алып отырмыз. Алдағы уақытта кешен аумағын кеңейтіп, нарықтың 30 пайызын қамту жоспарланған. Қазір кешенде Түркияның 50 үздік агрономы қызмет атқаруда», — дейді кешен директоры Тимур Утешев.