АУЫЛ КӨТЕРІЛСЕ – ЕЛ ЕҢСЕСІН ТІКТЕЙДІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдерінің аймақтық форумы жұмысын бастады. Форум жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Асхат Аймағанбетов, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, ауылдық округ әкімдері, облыстық партия филиалының жауапты өкілдері мен аумақтық партия филиалдарының жетекшілері қатысты. Форум жұмысына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев төрағалық етті. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Форум алаңы ауылдық деңгейдегі басқару жүйесін жетілдіруді, әкімдердің кәсіби әлеуетін арттыруды, сондай-ақ, нақты проблемаларды шешу жолдарын бірлесе қарастыруды көздеді. Ауыл халқының ең жақын тірегі, жергілікті мәселелердің шешімін табатын негізгі лауазым иесі – бұл ауыл әкімі екені байыпталып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау міндеттерінің орындалуы, ең алдымен әкімдердің іскерлік қарым-қабілетіне тікелей байланысты болып табылатынына назар аударылды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықпен тиімді кері байланыс орнату – жергілікті басқарудың басты қағидаты болуы керек», – деп атап өткен болатын. Сондықтан, сіздердің жұмыстарыңыз – тек әкімшілік емес, қоғаммен тікелей жұмыс істеу, халықтың үніне құлақ асу, сенімді ақтау жолындағы күнделікті еңбек. Ауыл – ел тірегі ғана емес, болашақтың бастауы. Ауыл көтерілсе – ел еңсесін тіктейді. Әр ауылдың дамуы – елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да, әрбір әкім, өз ауылын шағын орталық ретінде дамытуды мақсат тұтуы тиіс. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, шынайы жанашырлықтарыңыз арқылы ауылдарымыз өзгереді, жаңарады, жаңғырады, — деді Алтынсары Үмбетәлиев форум жұмысын бастауға арналған алғысөзінде.

Атап өтуіміз керек, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси тірегі ретінде, Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға, елдің тұтастығын бекемдейтін саяси үрдістердің барынша ашық болуына үлесін қосуда. Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Бұл тұрғыда, Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы, ауыл тұрғындары болып табылатыны ескеріліп, азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол ашылды. Тұрғындарының басым көпшілігі ауылдарда тұратын Түркістан облысында 2021 жылдан бері 226 мәрте ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, соның 214-де «AMANAT» партиясының кандидаттары жеңіске жеткен.

Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымында 181 ауылдық округі болса, партиямыз бастамашыл болған бүгінгі форумға 137 ауылдық округтің әкімі қатысып, мемлекеттік биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі болып табылатын ауыл әкімдерінің рөлі мен жауапкершілігі мәселесі жан-жақты қаралды. Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бүгінгі жиын ел болашағына қызмет ететін ауыл әкімдерінің кәсіби және қоғамдық рөлін арттыруға арналған маңызды саяси-әлеуметтік диалог алаңы болып отырғанын жеткізді. Осы іс-шараның бастамашысы болып отырған “АМАNАТ” партиясының Түркістан облыстық филиалына облыс басшылығының атынан зор алғысын білдірді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды