АУЫЛ FEST – БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕ МЕКЕНІ

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Келес ауданында “Ауыл Fest – Бірлік пен Береке мекені” атты мерекелік іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, жастардың белсенділігін арттыру және ауыл тұрғындарының бірлігін нығайту болып табылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Келес аудандық филиалы хабарлады.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тарту, ләңгі тебу, садақ ату, қошқар көтеру, қамыр ашыту және таба нан пісіру сайыстары өткізіліп, ауыл жастары мен тұрғындары белсенді түрде қатысты.

Шара барысында ауылдың рухани келбеті мен ұлттық болмысы ән-күй, ұлттық тағамдар мен дәстүрлі ойындар арқылы кеңінен таныстырылды. Жастар мен үлкендер бірлесе қатысып, ауызбіршілік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Мерекенің қорытындысында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қошқарата ауылының жастар командасы жеңіп алды. Екінші орынға Ошақты ауылының жастары лайық деп танылса, үшінші орынды Жамбыл ауылының жастар командасы иеленді.

Іс-шараға қатысқан барлық ауыл тұрғындары мен жастар қауымы көтеріңкі көңіл-күймен тарасты. “Ауыл Fest” мерекесі ұлттық құндылықтарды насихаттауда, жастарды қоғамдық өмірге тартуда және ауыл бірлігін нығайтуда өз деңгейінде маңызға ие шара болды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды