ҚАУПІ ЖОҒАРЫ УЧАСКЕЛЕР – 434 ШАҚЫРЫМ

Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3919,04 шақырымды құрайды. Оның ішінде, бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін жолдар 1943,3 шақырым болса, таулы аймақтарда орналасқан, қар қатты басып қалу қаупі жоғары учаскелер – 434 шақырым. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 2025-2026 жылдар аралығындағы қысқы дайындық жұмыстарын «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында 2025-2026 жылдар аралығындағы қыс мезгілінде үздіксіз жол қатынасын ұйымдастыру және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 127 жұмысшы жұмылдырылуда және 70 дана арнайы техника толық дайын. Жолдарды дер кезінде тазалау және көктайғақтың алдын алу үшін қажетті инертті материалдардан 6100 м³ құм, 860 тонна тұз дайындалуда. Сонымен қатар желтоқсан айына жеткілікті 2010 м³ құм және 490 тонна тұз қоры бар. Арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету мақсатында жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалып, жалпы 25 тонна дизель, 15 тонна бензин отыны әзірленді.

Қыс мезгілінде тайғақ қаупі жоғары аймақтар белгіленді. Сол учаскелерге 760 «тайғақ жол» белгісі орнатылып, инертті материалдардың үйіндісі жасалды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және қажет жағдайда шұғыл іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында құзырлы органдармен бірлесе шұғыл әрекет ету іс-шара жоспары әзірленді. Сонымен қатар қосалқы мердігерлермен төтенше жағдай туындаған жағдайда күш және техникамен қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалды. Жолдарды тәулік бойына бақылауда ұстау мақсатында кезекшілік кестесі бекітілді.

Ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 4 жылыту бекеті ұйымдастырылған. Нақтырақ айтқанда, Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері, Созақ ауданында «Ащысай», «Таскөмірсай» жылыту бекеттері бар. Бұл жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау үшін 70 тонна көмір дайындалып, тәулік бойына кезекшілік қойылды. Төсек орынмен толық қамтамасыз етілген әр бекет бір мезгілде 40 адамды қабылдай алады.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы үздіксіз жол қатынасын ұйымдастыру және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды