Ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап Оңтүстік өңірінде жылыту маусымы бастау алатыны белгілі. Осы орайда, бүгін аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен апталық жиында аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы, өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстарының барысы пысықталды. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы аудан аумағында 22 мыңға жуық жеке үй, 150-ден астам мемлекеттік-әлеуметтік нысан бар. Әр үй мен мемлекеттік мекемелерге жыл басынан бері аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдігі жанынан құрылған «Газ инспекциясы» және Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан жылу жүйелеріне егжей-тегжейлі мониторинг жүргізіліп, нәтижесі бүгінгі жиында баяндалды.
Жоғарыда аталған жауапты қос мекеме басшыларының мәлімдеуінше қазіргі таңда аудан аумағындағы мектептер мен медициналық нысандарда және мыңнан астам жеке тұрғын үйлерде жылыту жүйесінде, өрт, газдан уланудың алдын алу қауіпсіздігіне қатысты негізгі талаптар сақталмаған.
Сондай-ақ, біршама жеке кәсіпкерлік нысандарында да тиісті талаптар атқарылмай отыр.
«Бірінші кезекте адам қауіпсіздігі» екенін алға тартқан Асқар Сұлтанұлы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы қажеттігін ескертіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Ал, мектептерде орын алған кемшіліктер бойынша жауапты бөлім басшысына қатаң ескерту жасап, жылыту маусымына дейін аталған кемшіліктерді жоюға мерзім белгіледі.
Сонымен қоса, аппараттық мәжілісте жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың алдын алу және елді мекендердегі түнгі жарықшамдардың қазіргі жағдайы қаралды.
Жалпы бүгінгі таңда аудан аумағында жер қойнауын пайдаланушы мекемелер саны 14-і құрайды. Оның 10-келісім-шарт негізінде болса, 4-і лицензия арқылы іске асыруда.
Жыл басынан бері жүргізілген 35 рейдтік іс-шаралар барысында 17 заңсыз пайдаланушы анықталып, КУИ жүйесіне тіркелген. Оларға, 9 млн. теңгеден астам айыппұл салынып отыр.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ТҮКШЖК және АЖ (ЖКХ) бөлімі тарапынан аудан аумағындағы барлық елді мекендердің көшелеріндегі түнгі жарықшамдардың жағдайына толық мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 9303 дана жарықшамның 477-і жанбай тұрғаны анықталған. Қазіргі таңда, аталған істен шыққан шамдардың 70 пайызы ауыстырылып, қалған 30 пайызы алдағы күндері реттелмек.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда аудан аумағында 464 көше бар болса соның 155 жарықтандырылмаған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, келесі жылы облыстық бюджет және жергілікті әкімдік есебінен кезең-кезеңімен іске асатын болады.

