ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАУҒА АРНАЛҒАН ПІКІРТАЛАС ТҰРАҚТЫ ӨТУІ ТИІС

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Қауіпсіз балалық шақ» атты жоба таныстырылып, жобаның маңызы мен іске асу жолдары талқыланды. Концепция авторы — Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан прокуроры Ержан Қожабеков, аудан әкімінің аппараты қызметкерлері, құқық қорғау органдары, аумақтық мекеме басшылары, округ және кент әкімдері, жастар, мектеп директорлары мен психологтар қатысты.

«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы  — оқушылардың білім алу, тәлім-тәрбие процесіне оң әсер етіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба.

Жоба Түркістан облысында, бастапқы кезеңде Сайрам ауданында іске асырылып, бірқатар нәтижелерге қол жеткізген.

Даулет Бекбашұлы жобаның тәртібін, мақсаттары мен талаптарын түсіндіріп, алдағы уақытта аудандық полиция бөлімі, мектеп директорлары мен психологтар жиі бас қосып, оқушылармен кездесулер ұйымдастыруды және жобаның жүйелі негізде жүзеге асуы үшін жауапты тұлғаларды белгілеп,  қауіпсіздік мәселелерін талқылауға арналған пікірталас, семинар және практикалық іс-шараларды өткізуді және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы бастамаларды мектептерде тұрақты жүргізуді тапсырды.

Жиын барысында аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы Естібаев пен Түлкібас ауданының прокуроры Ержан Қожабеков сөз сөйлеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін ерекше атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, жобаның әдістемесі мен жүзеге асыру жолдары жайлы пікір алмасты.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды