«ҚАУІПСІЗ ОРТА – БІЗДІҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІМІЗ»

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің бірлесуімен «Қауіпсіз орта – біздің ортақ жауапкершілігіміз» тақырыбында кездесу өткізілді. Бұл туралы Облыстық Жастар Орталығы хабарлады.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында харрасмент, буллинг және психологиялық қысымның алдын алу, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру.

Іс-шараға Халықаралық туризм және меймандостық университетінің психологы Дилафруз Салихановна Эрметова және «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің психологы Өміртаева Жансая Ержанқызы спикер ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу барысында қатысушыларға харрасмент ұғымы, оның түрлері мен психологиялық әсерлері түсіндірілді. Психологтер адамдар арасындағы шекара мен жеке кеңістікке құрметпен қараудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, нақты мысалдар арқылы жәбірленушінің психологиялық жағдайы, куәгердің жауапкершілігі, және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды.

Жастармен ашық сұхбат форматында өткен кездесуде қатысушылар сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігі мен құрметке лайық екені, және оны сақтау баршаның ортақ міндеті екені ерекше атап өтілді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды