Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – «Салауатты сана» жобасын іске асыру. Бұл жоба нашақорлықпен және зиянды әдеттермен күрес, құмар ойынға тәуелділіктің (лудоманияны) алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, вандализм мен қоғам мүлкіне жауапсыздыққа жол бермеу және Ысырапшылдық пен немқұрайдылыққа қарсы тәрбие беру бағыттарынан тұрады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба қоғам мүшелерін рухани жаңғыру идеяларына үн қосуға, салауатты, саналы өмір сүруге шақырады.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы ат салысуы керек» деген болатын.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Бақдәулет Байғазиев, Түркістан облыстық полиция департаментінің өкілі Марат Бимаханов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амантай Өмірбаев, Мақтаарал аудандық «Мырзакент» ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Назым Сапарбекова және денсаулық сақтау, білім саласының өкілдері, «Психологиялық қолдау орталығы», облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңесінің мүшелері, орта білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері мен белсенді жасөспірімдер қатысты. Мазмұнды баяндамалар жасалып, ұсыныстар берілді.
Кездесу соңында қатысушылар өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтып, «Салауатты сана» жобасындағы басым бағыттар бойынша алдағы жұмыс жоспарларды пысықтады. Жиынды қорытындылаған Баян Ахатай қоғамдағы аналардың белсенділігін арттыру, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосу және жас ұрпаққа дұрыс бағыт беру қажеттігін атап өтті.

