Бүгін, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы хабарлады.
Мәжілістің күн тәртібінде:
- ҚР Кәсіподақтар федерациясының 27-ші кезекті съезін дайындау және өткізу туралы;
- Халықаралық кәсіподақтар федерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебі туралы;
- Мекемелер мен өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және жазатайым мәселелері туралы;
- «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына үміткерлерді ұсыну бойынша;
- Басқа да сұрақтар.
Жиында ашқан Бердіғали Өмірәлі қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты — алдағы жұмыстарды үйлестіру және еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу екенін атап өтіп, «Бүгінгі таңда кәсіподақ қозғалысының рөлі артып келеді. Алдағы ағымдағы жылдың 11 шілде күні өтетін ҚР Кәсіподақтар федерациясының 27-ші съезі осы бағыттағы маңызды оқиға. Сол себепті біз оған тыңғылықты дайындалуымыз қажет» — деді.
Сонымен қатар, ол Халықаралық кәсіподақтар федерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің Жазғы мектебіне тоқталып, бұл іс-шараның кәсіподақ көшбасшылары үшін үлкен тәжірибе алаңы екенін атап өтті.
Бұдан басқа отырыс барысында кәсіподақ төрағасы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері туралы сөз қозғап, «Қауіпсіз еңбек — басты басымдық. Әр мекемеде бұл мәселе үнемі назарда болуы керек. Біз тек тексерумен шектелмей, алдын алу мәдениетін қалыптастыруымыз керек», — деп атап өтті.
Сондай-ақ, жиын барысында «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына үміткерлер ұсыну мәселесі талқыланды. Онда төраға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында қатысушыларға аталған байқауларға лайықты үміткерлерді ұсыну мәселесін қарастыруын және оның орындалуы бойынша кеңес мүшелеріне тапсырмалар берді.
Кеңес соңында түрлі ағымдағы мәселелер қозғалып, қатысушылар өзара пікір алмасып, жұмыс барысын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды.