Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың және өзге де жағымсыз әрекеттердің алдын алу – қоғамның ортақ әрі аса маңызды міндеті. Осы мақсатта Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келіп, кеңейтілген жиын өткізді. Бұл туралы Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, ауыл округі әкімдері, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, арнаулы орта оқу орындарының басшылары, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта балалардың ата-анасының ертуінсіз тұрғын үйден тыс жүруіне жол бермеу, компьютерлік ойынханалар мен қоғамдық орындарда болу тәртібін сақтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың, өз-өзіне қол жұмсау мен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталынды.
Жиында сөз алған облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов балалар қауіпсіздігі мәселесінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды:
– Балалардың қауіпсіздігі мен амандығы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір бүлдіршіннің бейбіт елде бақытты өмір сүріп, қоршаған ортада өзін қауіпсіз сезінуі – мемлекет пен қоғам назарындағы басты мәселе. Бүгінгі басқосу – сол жауапты істі жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Әр ата-ана мен ұстаз бала тәрбиесіне бар жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді.
Кеңес барысында ұстаздар мен сала мамандары өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты. Бала тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналарды анықтап, олармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, мектеп директорларына, психологтарға және ювеналды полиция инспекторларына кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмысты күшейту, білім беру мекемелерінде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Белгіленген міндеттердің орындалу барысы бір ай мерзімнен кейін қайта қаралып, нәтижелері зерделенетін болады.

