Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастағаны белгілі. Бұл акцияның мақсаты – еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен бүгін де «Таза бейсенбі» акциясы өз жалғасын тапты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Бабайқорған ауылының әкімі Жасұлан Мынтаев және жас белсенді еріктілер атсалысты. Акция қатысушылары Бабайқорған ауылының өзен маңын шөп-шаламнан, күл-қоқыстан тазартты.
– Әрбір тұрғын өз ауласының тазалығына, тұрғылықты жеріне жанашырлықпен қараса, ауданымыздың көркейіп – гүлденуі өзіміздің қолымызда екені белгілі. Баршамыздың қоршаған ортаны қорғау, туған өлкеміздің тазалығын сақтау азаматтық парызымыз, – деді мәслихат төрағасы Сержан Ермекбайұлы.
Іс-шараны қорытындылай келе, Сағынбек Жақсыбекұлы «Таза бейсенбі» экологиялық жобасы жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырып, азаматтардың табиғатқа саналы көзқарасын дамытуға бағытталған акция екендігін жеткізді. Сондай-ақ, баршаны бұл маңызды бастамаға қосылып, әр бейсенбі сайын қоршаған ортаны тазалау жұмыстарына қатысып, айналамызды ұқыпты ұстауға шақырды.