Бүгін, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Аққұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу Момынай ауылындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Кездесуде округ тұрғындары электр бағаналарын ауыстыру, ағын су жеткізу, Аққұм – Көксәйек, Аққұм – Нысанбек бағыттарындағы жолдарды жөндеу, сондай-ақ Аққұм елді мекеніне ауыз су тарту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, жайылымдық жерлерді ортақ пайдалануға қайтару, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және каналдарды тазалау мәселелері де назарға алынды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында біз тұрғындармен ашық әрі тұрақты диалог орнатуға ерекше көңіл бөлеміз. Әрбір ұсыныс пен пікір – біз үшін маңызды. Тұрғындардың көтерген мәселелері бақылауға алынып, тиісті шешімдер қабылдау бағытында нақты жұмыстар жүргізілетін болады», – деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
Аталған форматтағы кездесулер билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың қатысуымен өзекті мәселелерді тиімді әрі әділ шешуге жол ашады.

