Өткен жыл Шардара өңірі үшін күрделі сынақпен есте қалды. Қуаңшылықтың күшеюі тұрғындардың күнделікті тұрмысына, ауыл шаруашылығы мен экономикалық ахуалына да елеулі әсер етті. Әсіресе Шардара су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуі өңір халқы үшін алаңдаушылық тудырған басты мәселелердің біріне айналды. Қалыптасқан ахуал облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тікелей бақылауында болып, аймақтағы ауыз су жетіспеушілігін шешу бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы бағытта қолға алынған стратегиялық мәні ауқымды бастаманың бірі – «Шардара топтық су құбырын салу» жобасы. Ауыз су жүйелерінің құрылысы 32 мыңға жуық тұрғыны бар Шардара қаласын тәулік бойы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуді көздейді. Қоғамдық маңызы айрықша нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарымен Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Серманизов арнайы барып танысты.
Ауыз су жүйелерінің құрылыс кезеңдері, атқарылуы керек жұмыс көлемі, құрылыс барысындағы өзекті мәселелер туралы Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев мағлұмат берсе, стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысын қадағалау, бақылау барысындағы жұмыстар туралы аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық партия филиалының төрағасы Ережеп Бекет және партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Болат Райымқұлов ақпарат берді.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша салынып жатқан нысанның мердігер ұйымы болып «Алтын Констракшн» ЖШС-гі бекітілген. Жалпы құны 16,5 млрд. теңгені құрайтын жобаның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 24 мың метр куб ауыз су жеткізеді. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен, Ұлттық қордан және арнайы есепшоттан 11,0 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес атқарылып отыр.
Қазіргі уақытта диметрі 560 мм. болатын 13 шақырым SDR-17 полиэтилен су құбыры тартылып, 26 дана камералы құдық орнатылған. Сонымен қатар, 15 шақырым траншея қазылып, су құбырларын жалғау жұмыстары атқарылуда. Жобада қарастырылған 14 ұңғыма қазылып, құбырларды тазалау-шаю жұмыстары қарқын алған. Сондай-ақ, Тама құдығы аумағында жалпы сыйымдылығы 1000 метр куб болатын екі су жинағыш резервуар, насос станциясы мен әкімшілік ғимараттың бетон жұмыстары жүргізіліп, қабырғалары қалануда.
Бұдан бөлек, Шардара қаласының аумағында жалпы сыйымдылығы 10 мың метр куб болатын екі су сақтағыш резервуарының бетон қабырғалары құйылып, насос станциясының қалау жұмыстары жалғасуда. Аталған жоба толық іске асырылған жағдайда аудан тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылады.
«Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мен халықты ауыз сумен қамтуды ұлттық басымдық ретінде белгіледі. Шардара ауданындағы ауыз су құрылысы – осы саясаттың нақты көрінісі. Жоба толық іске асқанда, аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарады», – деді Қайрат Рахымұлы.
Айта кету керек, «Шардара топтық су құбырын салу» жобасының құрылысы 2026 жылғы желтоқсан айында толық аяқталып, іске қосылады. Жоба құрылысының барлық кезеңдері «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауына алынды.

