Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта бүгін Бадам елді мекеніндегі «Kazkioti» ЖШС ғимаратында аудан кәсіпкерлігін дамытуға арналған кәсіпкерлердің ІІІ форумы өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Басқосу аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауыл округ әкімдері қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, кәсіпкерлікті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Шара барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мыңбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл және корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Кәсіпкерлік саласындағы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Alem Euro PIR» ЖШС – сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасы (4,5 млрд теңге), «Grand Pro» ЖШС – жиһаз өндірісін құру жобасы (1,8 млрд теңге), «PETRANA OIL GROUP» ЖШС – жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасы (1 млрд теңге).
Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысып, өндіріс үдерісін аралап көрді.

