АШЫҚ ДИАЛОГ – ДАМУ КЕПІЛІ

Бүгін Қайнар ауылдық клубында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Алатау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 қарашадағы №399 Жарлығына сәйкес, әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде аудан басшысы 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, ауылдық округтің бүгінгі ахуалына кеңінен тоқталды. Әкім инфрақұрылымды жаңарту, ауызсу жүйесін жақсарту, жол жөндеу, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ білім беру мен медицина саласындағы жұмыстар жайында мәлімет берді.

Өз кезегінде тұрғындар да белсенділік танытып, көкейдегі мәселелерін ортаға салды. Олар демалыс аймақтарының салық төлеу тәртібі, ауызсу жүйесін жаңарту, электр жарығын күшейту, аяқжол салу, жол кедергілерін орнату, Қосағаш пен Қайнар мектептерінің бұрынғы  ғимараттары орнына жаңа әлеуметтік нысан ашу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу және Қызыл ұзын каналының қабырғасын цементтеу сынды өзекті мәселелерді көтерді.

Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы:

«Халықпен бетпе-бет кездесіп, олардың пікірін тыңдау – біз үшін міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір ұсыныс назарда болады. Бүгін айтылған мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізіледі», – деді.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, жеке өтініштерін тыңдады. Ауызсу, Алатау ауылдық округінің аумағын кеңейту, жайылымдық жер және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша нақты тапсырмалар тиісті сала басшыларына жүктелді.

Мұндай ашық кездесулер тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністік пен серіктестікке жол ашады. Алдағы уақытта да осындай жүздесулер жалғасын тауып,  халықтың сұраныстарына дер кезінде жауап беру аудан басшылығының басты назарында болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды