Арыс қаласында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған республикалық Қаржылық қауіпсіздік диктанты (FinIQ) өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылды. Қалалық Мансап орталығына келушілер 20 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындап, қаржыны тиімді жұмсау, жеке қаражатты қорғау, алаяқтық белгілерін тану және отбасылық бюджетті жоспарлау тақырыптарында білімдерін сынады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Халықтың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға, сондай-ақ жеке қаржыны басқарудағы жауапкершілікті күшейтуге арналған бұл бастама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып, республикалық диктантқа ересек тұрғындармен қатар жастар белсенді түрде қатысуда. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары интернет-алаяқтық, күмәнді несие және қаржы пирамидаларына алданып қалу жағдайлары жиілеп кеткен. Сол себепті мұндай білім беру акциялары азаматтардың өз қаражатын қауіпсіз қорғауына және жауапты шешім қабылдауына ықпал етеді.
— Қаржылық сауаттылық – қазіргі заманда әр азаматтың қорғаныс қалқаны. Бұл бағытта халықтың білімін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы қаржылық тәуелсіздік пен жауапкершіліктің жаңа мәдениетін қалыптастыруды көздейді», – деді «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының жауапты өкілі Бақдәулет Бақытұлы.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да елдің әлеуметтік тұрақтылығын, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жобаларды жалғастыра бермек.