ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ БОЛ – ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ ҚОРҒА!

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен https://amlacademy.kz/finiq онлайн платформасында ағымдағы жылдың 10-15 қазан аралығында халық арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант өткізу жоспарлануда. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесе отырып, облыстағы азаматтардың  қаржылық  сауаттылығын  арттыруға тиісті жұмыстар жүргізетін болады.

Осы орайда, бүгін Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде жоспардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің орынбасары Серік Алтынбекұлы мен «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Кенжетайұлының төрағалығымен жиналыс өткізілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы хабарлады.

Жиынға аудан әкімдігі өкілдері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты.

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылып жатқан шараның негізгі мақсаты — халық арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін арттыру, қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару, инвестициялық тәуекелдер мен жеке деректерді қорғау ұғымдарын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың қаржы саласында өз бетінше білім алуына ынталандыру болып табылады. Диктант әртүрлі санаттағы қатысушыларға арнап дайындалған сұрақтар негізінде онлайн-тестілеу форматында өткізіледі.

Түркістан облысы бойынша диктантты өткізу жөніндегі жоспар әзірленіп, өңірде кемінде 1 миллион азаматты (Мақтаарал ауданы бойынша 60 мыңға жуық азаматты) қамту көзделген. Аталған көрсеткішке мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары, бюджеттік ұйым қызметкерлері мен зейнеткерлер белсенді қатысады.

Қатысу үшін онлайн платформадан тіркеуден өту және 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру керек. Нәтижесінде 16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушы – жеңімпаз ретінде цифрлық дипломға, ал қалғандары қатысушы сертификатына ие болады. Сонымен қатар, республикалық деңгейде алғашқы болып тіркеліп, жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталатыны хабарланды.

Жиын соңында барлық мекемелер мен ұйымдарды 15 қазанға дейін диктантқа белсенді қатысуға шақырды.

Қаржылық сауатты бол – өз болашағыңды қорға!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды